|
«Қазақтелеком» АҚ-ның филиалы - Оңтүстік Қазақстан облыстық
телекоммуникациялар дирекциясы – «Алтын жүрек» акциясына атсалысты.
Әрбір елде ұрпақтың болашағын ойлау, қамын жасау дегендей игі дәстүр бар.
Дәстүр сабақтастығын жалғастыру бүгінгі ұрпаққа деген аманат. Қазақстан
Республикасының әрбір азаматы мемлекетіміздің болашағын ойлауы тиіс. Ал болашақ
дегеніміз - өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз. Олардың салауатты өмір сүріп,
білімді, сауатты азамат болып өсуіне қол ұшын беру, қолдау көрсету бәріміздің
ортақ міндетіміз.
2007 жылғы сәуірдің 20-нан мамырдың 21-не дейін Оңтүстік Қазақстан облысында
«Балалық шақты қорғау - әрбір адамның борышы» айлығы басталды. Балалар жүрегіне
үміт пен сенім ұялату, қамқорлығымен қуаныш сыйлау мақсатында “Қазақтелеком”
Акционерлік қоғамының филиалы – Оңтүстік Қазақстан облыстық телекоммуникациялар
дирекциясы (ОҚ ОТД) жыл сайын дәстүрлі түрде “Қорған” балалар қорына өз үлесін
қосуда. Биылғы жылы да ұжым қызметкерлерінің бір ауыздан қабылдаған шешімімен
бір күндік жалақыны бөлу арқылы қор қоржынына 250 000 (екі жүз елу) теңге
көлемінде қаражат аударылды. Сонымен қатар, дирекция “Қорған” балалар қорының
ұйымдастыруымен мамырдың 11-і күні Ордабасы ауданында өткізілген “Бөбек”
Республикалық қорының 15 жылдығына арналған “Алтын жүрек” атты акцияға қатысты.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары мен мүгедек балаларға
арналған концерттік бағдарламада жүрегі тебіренбеген жан қалған жоқ, сірә.
Аудандағы мекеме басшыларымен қатар ОҚ ОТД басшылары қайырымдылық қоржынына өз
үлестерін қосып, өнерімен тамсандырған әр түрлі жастағы 50 балаға естелік
сыйлықтар табыс етті. Ұрпағымыздың болашағы жолындағы осындай игі істерге қолдау
көрсетіп, белсенділік танытқан, балаларға қуаныш сыйлаған жүрегі жомарт ағалар
көбейіп, ұрпақ үшін төккен тер мен еңбектеріміз жемісті болсын!
|